Полицияның салғыртығынан оқушы көз жұмды

Астаналық жасөспірім кәріз құдығына құлап, мерт болды. Мектеп оқушысының мәйітін тәртіп сақшылары емес, еріктілер тапқан көрінеді. Қызынан айырылған ана полицейлер жайбасарлыққа салынбағанда қайғылы жағдайдың алдын алуға болар ма еді деп қамығуда. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

«Жаным-ау, құлыным-ау!Әже деші! Жаным-ау! Құлыншағымды қалай алдыңдар?!»

13-тегі Аружанды үш күн бұрын театрға шығарып салған ата-анасы жасөспірімнің дәл осылай қайтып келерін білмеген де. Алғашқыда із-түзсіз жоғалып, кейін денесі кәріз құдығынан табылған еді. Бүгін мәйіті үйіне жеткізілді. Қапыда қызынан айырылған ана тәртіп сақшыларының жайбасарлығына ашулы. Бір тәулік бойы іздеген еріктілер оның ұялы телефоны арқылы қай маңда жүргенін көріп белгі берген. Бірақ ешкім қозғалмапты.

ТОЛҒАНАЙ КЕНЖЕТАЕВА, АРУЖАННЫҢ АНАСЫ:«Бір кезде айтты. Апай, ол әлі қозғалып тұр. Бір жаққа кетіп бара жатыр деп. Сол кезде жаны шығып жатқан екен ғой қозғалып.Басымды қатырмашы деп қуып шықты ішінен қайда барсаң, онда бар деп. Содан кейін РОВД-ға бардық. Онда ваще қараған жоқ. Бізге вообще қараған жоқ, окошконың ар жағында отырып, телефонды ұстап».

Қарашаның боранды күні Аружан сыныптастарымен бірге театр қойылымына барған екен. Анасының бармай-ақ қой дегеніне көнбей кетіпті. Аружан құлаған шұңқыр маңында жөндеу жұмыстары жүргізілген екен. Құдықты сол жұмысшылар ашып кеткен бе деп күдіктенеді. Басқа сыныптастары үйлеріне аман-есен жеткенде, Аружан қақпағы ашық құдыққа құлап кеткен.

АЙЖАМАЛ ЖАҚЫПОВА, АРУЖАННЫҢ СЫНЫПТАСЫ:«Неге? Біз оны қатты сағындық! Біз оны жақсы көреміз. Ол сондай, біз оны неше рет ренжіттік, ол барлығын кешіретін. Күліп жүретін как всегда!».

Қайғылы оқиға болған жерге біз де бардық. Айналасы қоршалған бір құдыққа көз түсті. Қылмыс болған жер сияқты қызыл ала лентамен қоршалған. Бірақ жергілікті тұрғындар мәйіт басқа жерден табылды деп отыр.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:«Жиектегі тар жаяу жүргінші жолағы. Кәріз құдығы міне байқасаңыздар, жартылай өткелге кіріп, оны одан сайын тарылтып жіберген. Қыздың өлі денесін дәл осы құдықтан шығарып алған,- дейді жергілікті тұрғындар. Сөздеріне сенсек, бірнеше күн бойы ашық тұрған екен. Оқиғадан кейін дереу қақпағын жауып қойыпты».

«Бірінші 102 келді мына жерге. Осы жерді бекітуге келгеннен кейін істеп жатып көрген бе, білмеймін. Бір шықсам, барлығы тұр ғой осында. Адам түсіп кеткен дейді».

Бұл төңірек үшін құдықтың ашық қалуы қалыпты жағдай екен. Бір жолы ұрылар үптеп кетеді, енді бір жолы нәжіс тиеген арнайы көліктер лас жүгін осы шұңқырларға босататын көрінеді. Тұрғындар құдықты ашық қалтырып кеткен солар да болуы мүмкін, дейді.

«Сайман алуға барамын, сол кезде көргенмін, постоянно ашық тұрады. Қазір жапқан уже. Шала-пала, дұрыс жабылмаған. – Здесь наступить в бок да просто? – Мынау қазір қатып қалған».

Қазір оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары басталған. Істі қала әкімі Бақыт Сұлтанов өзінің жеке бақылауына алыпты. Шаһардағы 65 мың құдықты күнделікті тексеріп отыруға пәрмен берген көрінеді. Қызды жерлеуге жәрдемдеспекші. Қала билігі бар гәп метал ұрыларынан деп отыр. Өйткені қыс түскелі темір терушілер көбейген екен.

СНХ. ЭЛЬВИРА ЖҮРГЕНБАЕВА, АСТАНА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ-ХАТШЫСЫ:
«Тек соңғы айда қала тұрғындарынан 109 қызметіне 356 өтініш келіп түссе, қала коммуналдық қызметтері тағы мыңдаған ашық құдықтарды тауып, жауып жатты.Қала әкімі құдық қақпақтарының ұрлығына қарсы жүйелі шаралар қабылдауды қатаң тапсырып отыр. Оның ішінде ұрлыққа қарсы шешілмейтін арнайы құлыптар орнатылған арнайы қақпақтарды орнатуды тапсырып отыр».

Қыршыннан қиылған Ауржанның езу жимаған бейнесі енді тек отбасылық альбомда ғана сақталмақ. 1-желтоқсанда жеткіншек 14-ке толуы керек еді. Мүшелден шығар күнді асыға күткен, дейді анасы. Келешекте журналист болуды армандапты.

ТОЛҒАНАЙ КЕНЖЕТАЕВА, АРУЖАННЫҢ АНАСЫ:«Мама 9 бітіргеннен кейін білдім, Алматыда журналистика бар екен. Колледж. Мен соған барып, журналист боламын деп армандайтын. Арманның бәрі енді сіздердің камераларыңызда қалды бәрі де…».

 

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*