Басты жаңалықтарСаясат

Ұлы даланың депутаттары дабыл қағуда

«Ұлы даланың жеті қырында» жүктелген тапсырмаларды орындау кезінде науқаншылдыққа жол бермеу керек. Ұлы даланың депутаттары осылай деп дабыл қағуда. Бір күнде Елбасының бағдарламалық мақаласын оқып, өздерінше ой түйген мәжілісмендер кейбір мәселелерге алаңдайды. Қоғам жақсы реакциямен қабылдаған мақаладағы міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет асығыстық танытпау керек дейді олар. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:«Кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыру» аясында атқарып жатырмыз деп жариялайды. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, спорттық шараларды «Рухани жаңғыруға» жатқыза салады. Сонда олардың «Рухани жаңғыру» не екенін түсінбегені ғой?! Түкке тұрмайтын нысандарды қасиетті орындар деп айтуда»,

Рухани жаңғыруды желеу етіп, науқаншылдыққа салған Үкіметтің кейбір жұмысын Елбасы осылай сынаған еді жыл басында. Мұны депутаттар да ұмытпапты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы айтылғандарды орындау үшін де асығыстыққа жол бермеу керек дейді.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН — ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Көріп отырсыздар ғой, қоғам қаншалықты жақсы реакция беріп отыр. Мәселе осында бекітілген нәрселердің жүзеге асырылуында. Бұл жерде салмақ Үкіметке түседі».

ДАРХАН МЫҢБАЙ — ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Асығыстыққа ұрынбау керек. Белгілі бір мамандарды тартып, қазаққа қатысты ақпараттарды шетелден іздеу үшін бірінші білім керек. Тіл білу керек. Архив материалдарымен жұмыс істеудің дағдысы керек. Соған мамандар жөн-жол көрсетсе».

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистен қашпайтын, камерадан қорықпайтын, Мәжілісте мәдениет, руханият тақырыбын қозғап жүретін депутаттарды сөзге тарттық. Бәрі де оқыпты Елбасының мақаласын.

БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Алыстан іздеп керегі жоқ. Өзгелердің тең жартысы бұтында лыпасы жоқ, жапырақ жамылып жүргенде біздің ата-бабаларымыз «Алтын адам» атанғаны айғақ. Гендік қасиетке келсек, жеті атасын сыйлаған тегінің түбірінің тереңде екенін көрсетіп отыр».

Әркім өзінің оң жамбасына келетін жағынан түсіндіруде. Дұрыс. Қарапайым халыққа қарапайым мысалмен түсіндіріп берді Бекболат Тілеухан.

БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН — ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Қазақ дейтін ел бар. Қазақстан деген мемлекет бар. Сол аумақты иемденіп отырған Ұлы даланың мұрагері — қазақ деген ұлт. Сол өңірдің адамзат өркениетіне қосқан үлесі деген дүниені айтып отыр. Шалбар, атқа міну жай айтылған нәрсе емес. Адам үзеңгісіз атқа мінгенде күштің бәрі құйымшаққа түседі. Ал үзеңгіге аяғын тіреген кезде адам 100 км, 1000 км жүре алады. Солай әлемді аузына қаратты ата-бабаларымыз».

Ал Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын бірінші болып оқып, депутаттардың арасынан бірінші болып эфирге шыққан Омархан Өксікбаев тарихтағы тағылымды түсіндіру үшін әркім әр жаққа бұра тартпауы қажет дейді.

ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұл жерде нақты жеті қыры деп жатыр ғой. Соның төңірегінде әңгіме болу керек. Жікшілденіп, әркім өзінің бірдеңесін дәріптемей, жалпы тарихымызды дәріптеуіміз керек. Ең бірінші алманың ағашы, дәні біздің елімізде болған. Кешегі қызғалдық гүлімізде бізден тарқағанын айтып жатырмыз».

Ал бүгін Мәжілістің жалпы отырысына келген жалғыз министр Қанат Бозымбаев Елбасының бұл мақаласын екі қолыммен қолдайтынын айтып, қысқа қайырды.

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ – ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ: –Қайсы мақала? – Өте өзекті. Әсіресе мемлекеттік болашағы үшін. Сондықтан екі қолыммен қолдаймын.

«Ұлты тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаңғырту» деген екі бөлімнен құралған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Президент қазақ мәдениетінің, көшпелілер өркениетінің адамзат тарихындағы ерекшеліктері мен жетістіктерін тайға таңба басқандай айтты. Ұлттық тарих пен мәдени мұраны зерттеп, зерделеудің, насихаттаудың нақты жолын көрсетіп берді.

Басқа материалдар

Back to top button