Хайп жасау айып па?

Таяуда «Астана ақшамы» газеті «Хайп жасау айып па? немесе ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың деңгейі қандай?» деген тақырыпта шолу материал жасады. Мақаланың авторы журналист Нәзира Байырбек.  Отандық телеарналардағы сараптамалық жобалардың мазмұнына, тілшілердің кәсіби білім-білігіне талдау жасаған осы бір маериалды «jurnalist.kz» порталы да қаз қалпында жариялап отыр.

Хайп жасау айып па?

немесе ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың деңгейі қандай?

Салмақты тұлғалар бағдарламаға да салмақ қосады

Ақпарат құралдарының негізгі міндеті жаңалық тарату екені рас. Бірақ жаңалық табан астында-ақ әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқандықтан, журналистерге талап күшейіп, бәсеке бәсі артатынын ешкім жоқ­қа шығара алмайды. Жаңалықты қатесіз беру, қаптаған деректердің арасынан керек мәліметтерді іріктеп таңдап бере білу, ақпаратты саралап, дұрыс пайым жасау, дер кезінде жеткізу… – осы секілді көп қабілет қажет-ақ. Бұған қоса, қай бағдарламаның тілі ұғынықты болса, кө­рер­мен сол арнаға жіпсіз байланды дей беріңіз.
Бұл орайда біз «Astana» телеарнасындағы «Біздің уақыт», «КТК» арнасындағы «Аптап», «Хабардағы» «7 күн», «Еуразия -1» арнасындағы «Басты бағдарлама» және «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Мәселе» ақпараттық-сараптамалық бағ­дарламаларына зер салып көрдік.
Осыдан он бес жылдай бұрын «эфирге тек жастар шығуы керек» деп жаппай жас журналистерге «жабысқан» телеарналар қазір райынан қайтқан. Олар, керісінше, кезінде ұзақ жыл тележүргізуші болып қызмет етіп, көптің сынынан өтіп, көрермен сүйіктісіне айналған салмақты, тәжірибелі мамандарды тарта бастады. Соңғы жылдары Дана Нұржігіт, Қымбат Досжан, Серік Жанболат, Зейін Әліпбек, Айгүл Мүкей, тағы басқа тележурналис­тика майталмандарымен қайта қауышып, көрермен көзайым болып жатқаны – соның дәлелі. Мұндай білікті, сыйлы, салмақты тұлғалармен бірге, әрине, телебағдарламаның да беделі артатыны анық.

«Көлеңкедегі кісі» көлеңкедегі ақиқатты ғана айта ма?

«КТК» арнасындағы «Аптап» бағдарламасын жүргізетін Серік Жанболат бір сұхбатында студияда ешқашан біреулер да­йындап берген сөзді оқымайтынын, үнемі мәтінді өзі жазатынын айтыпты. Аптадағы аса маңызды деген мәселелерді іріктеп, жілікше шағып, талдап беретін бағдарламаны көріп отырып бұған сенбеу мүмкін емес. Бағдарлама тілі жалпы көрерменге ұғынықты, аса көркемдеп көп сөзді шұбыртпайды. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – жүргізушінің студияға «тірі фактілер» алып шығатынында. Мәселен, жазушы Шерхан Мұртаза дүниеден озғанда, ақиқат алдаспаны атанған қайраткер жайлы айтқанда Серік Жанболат қолына қамшы ұстап тұрды. «Мұны Шер-ағам» сыйлаған» деді. Ал Ахмет Бай­тұрсынов мұражайының әлі мемлекет меншігіне өтпей келе жатқанын қозғаған проблемалы сюжетті көрсетерде мұрағаттан Байтұрсынов өз қо­лымен толтырған іс-қа­ғазды ұстап тұрды. Бұл бағдарламаның әр көр­сетілімінен қолшоқпар, те­мір құрылғылар, тағы басқа әртүрлі нәрселерді көруге болады. Әрине, көрсететін сюжетіне байланысты. Жалпы, бағдарлама журналистерінің белгілі бір мәселені талдап, тәптіштеп айтатыны көңілге қонады. Қажет ақпараттарға қанығып, көңілге ой түйе аласың.
Мұнда кейбір шындық «Көлеңкедегі кісі» деп аталған кейіпкердің аузымен айтылады. Бұл тәсілдің артықшылығы да сонда, белгілі бір тұлға сөйлемейтіндіктен, айтар ойды нақты фактімен дәлелдеп жату қажет емес. Алдыңғы аптада шенеу­ніктер қандай көлік мініп жүр деген мәселе бойынша «Көлеңкедегі кісі» біраз көкейдегі ойды айтқаны рас. Бүркеулі жатқан кейбір шындықты естіп, сол жолы жасырын кейіпкерге риза болған едік. Бірақ жалпақ жұрт білетін қарапайым шындықты айтқанда бұл кейіпкер қажет пе?
27 қазан күнгі «Аптапта» елдің бәрі шулап жазып жатқан комсомолдың 100 жылдық тойына қатысты ойларды бағдарлама журналистері «Көлеңкедегі кісіге» айтқызыпты. Бірақ ол соның алдында ғана журналист жасаған сюжеттегіден әсерлі болған жоқ. Егер сөзі «Комсомол тойын тойлау – Кеңес Одағына қайтып бару деген сөз» деген тарихшы Талас Омарбековтің немесе «Комсомолдар – тоталитарлық режим жауынгерлері. Комсомолдың 100 жылдығы тәуелсіздік жылдары тойланғаны «ал не істейсіңдер?» дегені сияқты» деген саясаттанушы Дос Көшімнің сөзінен өткір болса бір сәрі еді. Иә, біздіңше, журналистер айтатын шындығы ауыр болған жағдайда, яғни ол басқа қауіп төндіруі мүмкін деп санағанда ғана бүркеншік атқа, жұмбақ кейіпкерге жүгінсе жарасатын сияқты. Ал комсомол тақырыбы басқа қауіп төндіретіндей тақырып емес еді. Қауіп төндірсе, дәл осы мәселені ашықтан-ашық жазып жатқан әлеуметтік желі белсенділері қалай аман жүр?
Бір артықшылығы, «Аптап» «Хабардың» «7 күні» секілді билік орындарында сөз болған мәселелерді ғана қамтымайды. Оның журналистері ел ішіндегі әртүрлі өзекті мәселелерден сюжет жасайды. Мысалы, алдыңғы көрсетілімінде Байтұрсынов мұражайы туралы толымды репортаж жасап, осы бір қастерлі орын төңірегіндегі проблеманы егжей-тегжейлі жеткізсе, соңғы көрсетілімінде қараусыз қалған ауылдар, ұсақ ауылдарды ірілендіру бағдарламасының қажеттігі секілді мәселелерді қозғады.

«7 күн» демекші, бұл бағдарламаға жаңашылдық, еркіндік жетіспейтін сияқты. Журналист Ринат Кертаев жазылған мәтінді оқып бере ме, әлде келген сюжеттерге сай өзі мәтін жазып шыға ма – өздеріне мәлім. Бірақ бағдарлама тілі тым қатаң екенін жасыра алмаймыз. Ресми сөздер көп қолданылады. Мағынасы ашылмаған, сіресіп қалған мәтінді тың­дамақ түгіл, студияда тұ­рып оқу да журналистке ауыр шығар деген ойға қалдық.
«Astana» телеарнасындағы Жайна Сламбек жүргізетін «Біздің уақыт» бағдарламасының тілі онымен салыстырғанда жеңілдеу. Бұл бағдарламаның тартымдылығына аңдатпаны екпіндеп оқып бастап, сыбырлап аяқтайтын белгілі журналист Жайна Сламбектің өзі ықпал ететін сияқты. «7 күн» секілді бұл бағдарлама да, негізінен, билік орындарында көтерілген мәселелерді қозғайды. Біршама «шеңберден» шығып, көтерген мәселесін кең қамтуға тырысатыны аңғарылады.

«Рухани жаңғыру» сөзін жауыр қылыппыз

Біздің пайымымызша, көрермен күтіп көретін ақпараттық-сараптама бағдарламалары – «Еуразия – 1» арнасындағы «Басты бағдарлама» мен «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Мәселе».Бұл екі бағдарламадан да журналистердің еркіндігін, ізденімпаздығын байқауға болады. Олар бағдарлама барысында көрсетілетін сюжеттерге қатысты хайп жасап, неше түрлі агрессиялық сипаты бар әрекеттерге баруы мүмкін. Ең бастысы, кө­рер­менді бейжай қалдыр­мауды мақсат етеді. Айт­қан нәрсесін, көрсеткен сюжетін жетер жеріне де­йін жеткізуге талпынады. Нәтиже шығаруға тырысады. Көрерменді жаңалық көруге шақыру ұйқыда жатқан адамды ояту деп бейнелесек, бұл бағдарламалардың журналистері ұйқыдағы кісіні жұлқылап, тартқылап, құлағына айғайлап, қалай да оятпай қоймайтын сияқты. «Тұра ғой» деп еркелетіп, сыбырлап я саусағыңның ұшымен түрткілегенде оянбайтын адамдардың болатынын ескерсек, бұл журналис­тердің жұлқыланып, тістеніп сөйлеп, хайп жасап, еркіндікті ақыл-есі жеткенше пайдаланатындары қажеттен туған қадам деп ақтап алуға болады.
Өткен аптадағы «Басты бағдарламада» әріптес­теріміздің әрбір болған оқиғаға еркін сын айтып, ерікті көзқарас танытатыны тәнті етеді. «Осы аптада бүкіл елдің игі жақсылары қызыл тудың саясында сапқа тұрып, кеңестік жастар ұйымының әнұранына ұйыды. Былтыр Алаш қозғалысының 100 жылдығында қозғалмаған дөкейлерің комсомолдың 100 жылдығын алты алашта дүрілдетіп өткізді. Кейінгі буын, мына сендерге рухани жаңғыру керек деп жүрген ағаларыңның ісі – бұл» деп бастаған жүргізуші Берік Дүйсенбаевтың сө­зін екінші жүргізуші Айдана Үсенбай актерлік шеберлікпен іліп әкеткені жарасымды көрінді. «Кеңестік символикалар мен құндылықтардың құны көк тиын. Өйткені мен тә­уелсіздікпен бірге тудым» дейді ол.
Бағдарламада елге танымал тұлғалардың комсомолдар тойын рухани жаңғырумен үйлестірмек болғаны сыналыпты. Әсіресе, сюжет жасаған журналистің сөзін «рухани қаңғыру, ой, рухани жаңғыру» деп бастағаны да қисынды көрінді. Бұл, әрине, «рухани жаңғыру» деген сөздің жауыр болғанын көрсетеді. Жауыр болмай қайтсін, комсомолдың 100 жылдық тойына да соны тықпалап отырса.
Жалпы, «Басты жаңалықтар» көтерілген мәселелер ақпаратты молынан қамтып, кейіпкерлер тартып, өткір ой айта алатынымен ерекше. Мәселен, соңғы хабарда Әміржан Қосановты, саясаттанушы Азаматхан Әміртайды «сөйлеткені» бағдарламаның бағасын өсіргендей. Азаматхан Әміртай кезінде комсомолдардың қолымен Шәкәрім өлтіріліп, құдыққа тасталғанын, комсомолдардың қолымен аштық жасалғанын, олар ауыл адамдарының малын тартып алып, ұжымдастырамыз деп елді қинағанын, репрессия құрбандарын да сол комсомолдықтар атып өлтіргенін айтыпты. Сюжет «Не де болса 29 қазан бұл қазақ тәуелсіздікке емтихан тапсырады» деп аяқталады. Журналист Нұрбек Бекбау да бағдарламаны сәтті түйіндеген.
Бұдан соң журналист Артур Мағзұмовтың репортажы да есте қаларлықтай болды. 28 жылда қазақша сөйлей алмаған шенеуніктердің мектеп мұғалімдерін үш айда ағылшын тілінде сайратқысы келетінін келемеждей жеткізіпті. Мәселе ағылшынша білетін мектеп мұғалімдеріне қосымша үстемақы төлеу жөнінде болған. Сюжет Парламент отырысы негізінде жасалған. Сөз тіл туралы болғандықтан, журналист те тартынып қалмапты. «Сіз мемлекеттік тілді қашан үйренесіз?» деп депутаттарға сұрау салады. Жайшылықта шімірікпей орысша сөйлей беретін шенеуніктер бетіне камера төнгенде қалай да ар-ұятымен бетпе-бет келетін сияқты. «Қашан үйренесіз?» деген сұраққа қызарақтап «келесі жылы» деп жауап бергендер бар. Шенеуніктердің бетін бері қарай бұрып, оларға мемлекеттік тілді тезірек үйрету үшін үнемі осылай камера көтеріп, соңынан қуып жүру керек пе деп қалдық.

Шөлмектер шаққан…
Ваннада жатқан…

Алдыңғы аптада ұстаздар туралы сөз қозғарда «Ұстазым» әнімен ашылған «Мәселе» бағдарламасының «тізгіншісі» Нартай Аралбайұлы өткен аптада әнді де, сәнді де жинап тастап, бөтелке сындырумен бастады. Тақырып ішімдік жөнінде болған. Бір шөлмекті екіншісімен соғып, шарт еткізіп сындырғанда, телеэкранның алдында отырып денеміз тітіркенгені рас. Артынша студияда үстелде тұрған он шақты шөлмек сатырлап, жерге шашылып, шағылды. Әрі қарай жүргізуші шөлмек сынықтары шашылған студияда сөзін жалғады.

«Ныспым – Нартай, әкемнің аты – Аралбай, бүгінгі айтылатын мәселе – мынадай» деп «мәселенің мақұлмен емес, ақылмен шешілетінін» айтып бағдарламаны еркін жүргізетін әріптесіміздің актерлік шеберлікке кенде емес екенін талай көргенбіз. Талантты болмаса, альпинистер туралы айтарда студияға арқанмен құлдилап түсіп немесе тағы бірде камераның алдында ваннаға жатып, ел есінде қаларлықтай «ерлік» жасай алар ма еді? Бұл – хайп. Ақпараттық-сараптамалық хабарда хайп жасау айып па? Жалпы, студия­да ваннаға түсу немесе шөлмектерді сатырлатып сындыру эфир мәдениетіне жата ма, жоқ па? Бұл сұрақтардың жауабын әр көрерменнің өз екшеуіне қалдырдық. «Болмайды» мен «боладының», міндеттеме мен тыйымдардың, қатып қалған қатаң қағида, қасаң көзқарас пен жаңаша ізденіс, жаңа тәсілдердің арасында жыбырлап даму жолын іздеп жүрген қоғамға, бәлкім, осындай ерекше дүниелер керек те шығар, кім білсін?!
Жалпы, Нартай бағдарламасын жақсы жүргізеді. Соңына дейін жалықпай көресің. Сөзді ұйқастап жеткізеді. Тілі төгіліп тұр. Әр бағдарламасында қолданған «мұғалімнің аты өзгерді ме, әлде басқа да мәселені көз көрді ме», «әлеуметтік жағдайы әл үстінде, жалақы жеткенше хал үстінде жүреді», «жазғырамыз, азғырамыз», «ұстаз шәкіртін шертіп келеді, артынша оқушы ата-анасын ертіп келеді» деген секілді тіркестері есімізде қалыпты. Тарихта қалған тұлғалардың ұлағатты сөздерін тиімді қолданады. Бағдарламаны қызықты етіп, көтерген мәселені қалай да көрермен санасына жеткізу үшін «Алдараспан», «Шаншар» секілді сатиралық театрлардың қойылымдарынан үзінді келтіріп, күлдіріп отырып ойландырады.
Жалпы, бұл бағдарлама «айтамыз», «көрсетеміз» деп келетін аңдатпасымен-ақ балалардың өзін елең еткізетіні жасырын емес. Адам жадына көру қабілеті ғана емес, есту қабілеті де ерекше ықпал ететінін жақсы білетін әріптестеріміз дауыс, ырғақ мүмкіндіктерін де тиімді пайдалана біледі. Гүлжазира Ғалиқызы бастаған журналистері де осал емес. Хабардың көтерген мәселесін егжей-тегжей баяндайтыны көңілге қонымды.

Соңы

Жалпы, телеарналардағы әріптестеріміздің жаңалықты жеткізу, белгілі бір мәселені зерттеп, сараптап көрсету жағынан біліктілігіне, ізденімпаздығына, қабілеті мен еңбекқорлығына дау айта алмаймыз. Кей жүргізушілердің тістеніп сөйлейтіні ерсі көрініп кететіні болмаса, жалпы ақпараттық-сараптама бағдарламаларында тіл байлығы зор, сөзге шешен, актерлік қабілеті жоғары әріптестеріміз аз емес екен. Сонда да сөзімізді түйіндей келе, хайпты көрермен алдында айыпты болып қалмай, абайлап жасаса екен деген тілек білдіргіміз келеді. Сананы сілкіп оятамын деп көрерменді үркітіп алмаса болды да.

«АСТАНА АҚШАМЫ» ГАЗЕТІ  http://www.astana-akshamy.kz/hajp-zhasau-ajyp-pa/

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*